Манат Узбекова

Манат Узбекова


Жасы: 52

Кәсіпорын: «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Дөң тау-кен байыту комбинаты

Қызмет: маркшейдер

1762

Соңғы аялдама - Хромтау

Мен Узбекова Манат Орынбасарқызы 1986 жылы Кентау кен металлургиялық техникумының «Техник-маркшейдер» мамандығын тәмәмдадым. Совет Одағы заманында ХХ ғасырда оқу орнын бітірген соң маман әзірлеу міндетті түрде өтеу шарт болатын. Мені де сол бағдарлама аясында Оңтүстіктен Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы (Өскемен қаласынан 110 шақырым) Асу-Бұлақ шахтерлар кентіне жіберді. Сондағы Белогор-кен байыту комбинатындағы «Юбилейный» шахтасында «Маркшейдерлік іс» жұмысшысы болып алғашқы еңбек жолымды бастадым.

Ол жақта қиын тасымалданатын таужыныстар мен ұңғымалар бар болатын. Жастық шақта түрлі сезімге бой алдырып, сезімнің жетегіне ілесіп те көрдік. Ұнату, жақсы көру, ғашық болу... Мен де осы сезімдерді басымнан кешіріп, көп ұзамай тұрмыс құрдым. Бір қыз, бір ұлдың анасы атандым. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты шағым еді. Алайда, жан-жарыммен сүйіп қосылғанымызбен, отбасымыздың дәм-тұзы жараспай, жолдасыммен ажырастым. Маңдайыма жазылған тағдыр осы болар деп ойладым. Екі баламды алып, ауылға қарай бағытталған пойызға мініп, төркініме тарттым. Әрине, мен үшін үйге қайтып бару – ата-анама қиын болатынын түсіндім. Бірақ, ол кезде маған олардан басқа жанашыр жандар болмады.

Теміржол торабында талай жанның тағдырымен танысып, өмірде үлкен бақытқа жолығуың да мүмкін. Төркініме кетіп бара жатып, көрші купедегі бір үлкен кісімен әңгіме айтып, оның қойған сұрақтарына жауап бере отырып, өзі Ақтөбе өңірінің тумасы екенін, сол облыстағы Хромтау – шахтерлар қаласы екенін мақтанышпен әңгімелеп отырды. Әңгімеден әңгіме шығады демекші, менің мамандығым бойынша Хромтау қаласында маркшейдрлік жұмыс барынан хабардар болып, жол үстінде келе жатып, қайтып келген қыз жаман деп, төркінге түспей бірден Ақтөбе облысына жетуді мақсат еттім. Ол уақытта Хромтауға жету деген бір қиямет болатын, сары ПАЗ автокөлігімен шаң тозаң болып жеткенім әлі есімде.

2001 жылы Дөң тау-кен комбинатына жұмысқа тұру өте қиын еді. Пәтер жалдап, бала-шағамды қалайда жеткізуім керек деп қаншама қиындықты басымнан өткіздім. Алайда, әр қиындықтың бір қайыры болады дегеннен үмітімді үзбеген едім.

Күндердің бір күнінде «Молодежная» шахтасының маркшейдері Бекмуханова Раушан Шаменқызына барып жағдайымды түсіндіріп айттым. Ол кісінің ақылды, білімді, білгірлігімен алты айлық сынақ мерзімге жұмысқа алындым. Райхан Байсаринова,Төлебике Құрақбаева сынды білікті мамандардан үйренгенім көп болды. «Білім – инемен құдық қазғандай», – деп  Р. Шаменқызы  үйретуден еш жалықпай, шыны керек, осы күнге дейін өз ақылын беріп келеді. Бүгінгі таңда Раушан Бекмуханова Дөн тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқарады. Ал қазіргі бөлімнің бастығы Алмат Алиасхарұлы Султановтың басшылығымен бірге жұмыс істеп келеміз.

Зейнеттік жасқа жетуге әлі талай асулар бар, соған қарамай бөлімнің үлкені деп сыйлап, осы маманның (Маркшейдерлік істің) шебері болып жұмыс істеп жүргенімді мақтан етемін. Әр жетістікке жеткен сайын жол үстінде танысқан үлкен кісіні есіме алып тұрамын. Айтқым келгені, өзің сүйіп істеген істің – жемісі осындай болмақ.

Биыл «Молодежная» шахтамыздың 45 жылдық мерей тойы. Шахтамызда қызмет етіп келе жатқан барлық қызметкерлерге мерекелеріңізбен, әріптестер демекшімін.