АЛЕКСЕЙ СЫЧУГОВ

АЛЕКСЕЙ СЫЧУГОВ


Кәсіпорын: "Қазақстан алюминийі" АҚ компаниясы, Краснооктябрь боксит кен басқармасы

Қызмет: Красногоркеніші экскаватор машинисінің көмекшісі

Жұмыс тәжірибесі: 2 жыл

3244

Мен саған өзімнің бір бөлігімді беремін

«Шұғыл бауыр қажет! Ұлымыз Алешаға көмектесулеріңізді сұраймыз!" Бұл жанынан безген ата-ананың жан айқайына Краснооктябрь бокситкен басқармасының қызметкері Сычугов Алексей немқұрайлы қарай алмады. Ол ойланбастан баланың әкесінің телефон нөмірін теріп, көмегін ұсынды. Толық тексеруден өткеннен кейін дәрігерлер Сычугов бала үшін бауыр доноры бола алатынын растады.

2019 жылдың 21 қаңтар күні. КБКБ Красногор кеніші экскаватор машинисінің көмекшісі Алексей Сычуговтың жұмыс күні аяқталды. Ұйқтар алдында жігіт әдеттегідей интернетке кіріп, әлеуметтік желіден жұбанышсыз ата-ананың өтініштерін көрді. Төрт жасар Алешаның өмірі кез келген сәтте үзілуі мүмкін. Алексей постта көрсетілген телефон нөмірін теріп, тексеруден өтуге дайын екенін хабарлады.

- Келесі күні мен өз учаскемнің бастығына барып, балаға көмек көрсеткім келетінімді айтып, бір аптаға ақысыз демалыс беруін сұрадым. Біз Астанада кездестік, – дейді біздің кейіпкеріміз. – Содан кейін бір апта бойы әр түрлі медициналық тексерулерден өттім, өйткені донор болу оңай емес. Мен барлық көрсеткіштер бойынша сай келіп, адамға ең құнды – өмір сыйлай алатыныма бақытты болдым!

Кішкентай баланың әкесі Владимир де оның доноры болды, бірақ органның қабылдамауы басталып, анасы ұлымен тағы да ауруханаға түсті. Бала күн сайын өзін нашар сезініп, қозғалып, сөйлей алмады. Дәрігерлер жас ата-ананы ең жаман жағдайға дайындады. Бірақ олар үміттерін үзбей дұға етті. Құдай оларды естіді.

Наурыз айында Түркияға күрделі ота жасауға аттандық, – дейді баланың әкесі Владимир Пургин. – Екі Алексей, біреуі– ұлымыз, екіншісі – донорымыз, құтқарушымыз. Біз үшін осы қиын жылдар бойы жұбайым екеуміздің бастан кешкен сезімдерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Балалар – біздің өміріміздің мәні. Олардың көз жасы мен азабын көру өте ауыр. Бірақ біз баламыздың жазылып шығатынына сендік.  Біз ұзақ жолдардан өттік, мен Түркияда операция жасау квотасына қол жеткізу үшін денсаулық сақтау министрлігінен шықпайтынмын. Ұлымызды өте ауыр жағдайда түрік клиникасына жеткізіп, операцияға дайындай бастады. Бақытымызға орай, бәрі сәтті өтті, екі Алексей де тез сауығып кетеді деп үміттенеміз.

Владимирдің айтуынша, балаңның өмірін құтқарған адамға алғысын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алексей Сычуговтың өзі бұл туралы айтқысы келмейді, өз іс-әрекетін ерлік деп санамайды және тіпті өзінің донор болу ниеті туралы туған-туысқандарының ешқайсысына да айтпаған. Бүгін бұл жігіт емделіп  жатыр, әзірше оған ауыр физикалық жұмыс істеуге болмайды. Алексейдің бауырының үштен бір бөлігін, өт қабын алып тастады, аяғынан тамыр алды. Тыртықтары ақырын жазылып келе жатыр.

Маған жасаған ота 7 сағатқа созылды, – деп еске алады Алексей. – Кішкентай Алеша операциялық үстелде 9 сағат өткізді. Бізге отаны бір уақытта жасады, менің кішкентай досым тіпті жылаған да жоқ. Ең қиыны отадан кейін басталды, қалпына келу кезеңі ауыр болды, қатты ауырдық. Ауырсынуды басатын дәрілерге аллергиям бар еді, бірақ біз шыдадық. Өйткені ең қиыны артта қалды.  Ең бастысы, бауыр қабылданып кетсе, бала бұл сұмдықты үшінші рет бастан кешпейді. Енді біз Пургиндер отбасымен араласып тұрамыз. Алешка сауығып кетсін, оны алда ұзақ және бақытты өмір, мектеп, оқу, мамандығы күтіп тұр, мені де жұмыс күтіп тұр. Тамыз айында Красногор кенішінің № 15 карьеріне жұмысқа шығып, еңбек етуді жалғастыруды жоспарлап отырмын.

Хикаяны жолдаған: Наталья МИХЕЛЬ